14:51, 22 Сәуір 2014 | GMT +5
Қызылордада Ақтөбе облысының күндері басталады
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сәуірдің 23-27 күндері аралығында Қызылордада Ақтөбе облысының күндері өтеді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Бірінші күні ақтөбелік делегация мен қала тұрғындары С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы мен Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайларының көрмесін тамашаламақ. Сонан соң сұлу Сырға шашу ретінде Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театрының мульти-шоуы көрсетілмек. Сондай-ақ «Айшықты өрнектер галереясы» тақырыбында ақтөбелік суретшілердің және ҚР Суретшілер одағының мүшесі М.Габдрахмановтың көрмесі өтеді. Мұнан кейінгі күндері көпшілік назарына «Арайлы Ақтөбеден - жыр дариясы Сыр еліне» атауымен Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның гала-концерті мен өзге де мәдени шаралар ұсынылмақ. Сонымен қатар ақтөбелік делегация өкілдері Жалағаш, Қазалы, Арал аудандарын аралайды, деп күтілуде.