Қызылордада ана мен бала өлімін төмендету мәселесі талқыланды

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәжілісті облыс әкімінің орынбасары, штаб төрағасы Мұрат Мұхамедов жүргізді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Ләйла Құлтаеваның хабарламасына қарағанда, үстіміздегі жылдың 9 айында өңірімізде ана өлімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе төмендеген. Десе де, республикалық көрсеткіштен әлі де жоғары. Жыл басынан облыста 6 ана өлімі тіркелсе, оның бесеуі Қызылорда қаласында, біреуі Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылында орын алған. Сәбилердің шетінеуі бойынша біздің аймақ республикада төртінші орында. Мамандар мұны төмен салмақтағы, яғни, шала туылған нәрестелердің көбеюімен түсіндіреді. Аталған уақытта 500-999 гр. салмақтағы 60 бала туған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, екі есеге көп.
Саладағы өзекті проблеманың бірі - маман тапшылығы. Мәселен, қазір өңірімізде 20 акушер-гинеколог, 51 педиатр жетіспейді. Сондықтан да жас мамандарды тарту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Штаб мәжілістерінің шешімдеріне сәйкес ана мен бала өлім-жітімін төмендету мақсатында қысқа мерзімді жоспар жасалып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Олардың бірінші кезектегісі - кадр мәселесін шешу, медицина қызметкерлерінің білімін көтеру. Осыған байланысты облыстық медициналық орталық жанынан бюджеттен тыс қаржы есебінен оқу-тренинг орталығы ашылды.