Қызылордада «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында тағы да 5 жоба мақұлданды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында тағы да 5 жоба аймақтық үйлестіру кеңесімен мақұлданды. 

Бұл туралы қаржылық қолдау қорының аймақтық филиалының бас менеджері Айнұр Тобжанова хабарлады.

Мақұлданған жобалардың бірі - «Транс Азия Констракшн» ЖШС-нің жобасы. Мекеме мұнай-газ секторында және азаматтық секторда құрылыс жөндеу жұмыстарымен айналысады. Жаңа жоба бойынша «Банк Центр Кредит» АҚ-дан алынғалы отырған несиеге жүк тасымалдау қызметін жүзеге асыру үшін арнайы техникаларды сатып алу жоспарланып отыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында кәсіпорын жылына тек 7% ғана төлейтін болады. 

Келесі жоба қойма шаруашылығы және қосалқы көлік қызметі түрімен айналысатын «Сулмарт» ЖШС-іне тиесілі. Кәсіпорын жоба бойынша «Альянс Банк» АҚ арқылы жүк түсіру жұмыстарын жүргізу үшін негізгі құралдарды алу, яғни автокран және КаМАЗ-ды алуды жоспарлап отыр. Несие бойынша пайыздық мөлшерлемесі - жылына 11,5% болып келеді, оның 7%-ын мемлекет субсидиялайтын болады, нәтижесінде кәсіпорын тек жылына  4,5% пайыз ғана төлейтін болады.

ЖК «Игіліков Төребек» балық аулау және оны өндірумен айналысады. Кәсіпорын алдағы уақытта автокөлік, мұздатқыш құрылғы алып, айналым қаражатын толықтыруды жоспарлап отыр. Жоба бойынша серіктес банк болып «Банк Центр Кредит» АҚ табылады. Аталған жоба бойынша несиенің 7%-ы субсидияланып, қалған 7%-ын кәсіпкер өзі төлейді.

Келесі мақұлданған жобалардың бірі - «ҚазЭлектроИнжиниринг» ЖШС-нің жобасы. Мекеме электр құрылғыларын жөндеу қызметімен айналысады. Жобаны қаржыландыру «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы жүзеге асырылатын болады.

«Жылу XXI» ЖШС жылу жүйесін және су жүйесін жөндеу жұмыстарымен айналысады. Аталған кәсіпорынның жобасы «БТА Банк» АҚ арқылы қаржыландырылады.  Мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы кәсіпорын несие бойынша тек 5,5% ғана төлейтін болады.

Бүгінгі таңда бағдарламаның бірінші бағыты аясында облыс бойынша аймақтық үйлестіру кеңесінде барлығы 5 276 млн. теңгені құрайтын 49 кәсіпкердің жобалары мақұлданды. Оның ішінде 33 жоба бойынша 3 553 млн. теңгеге субсидиялау келісім-шарттарына қол қойылды. 

Соңғы жаңалықтар
telegram