Қызылордада «Болашаққа салым саламыз!» акциясы жалғасуда

Саяси ұйымның жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бұл шарасы Қызылорда облыстық филиалында жалғасын тапты, деп хабарлайды партия филиалының баспасөз қызметі.
Акцияға аймақтық партия аппараты қызметкерлері, облыстық мәслихаттағы фракция мүшелері, депутаттар, бастауыш партия ұйымы жетекшілері, жасотандықтар мен жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларға қамқоршылар, оларды тәрбиелеушілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері атсалысты.
Шара барысында Мемлекеттік білім берудің жинақтау жүйесі бойынша ақшалай салым иегерлері ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған 10 балаға сертификат табыстады.
Бүгінгі акция «Бақытты балалық» партиялық жобасын іске асыру шеңберінде екінші дәрежедегі банктерге ақшалай қаржы жинақтау жолымен - балалардың жоғары білім алуына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылып отыр.
«Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Білімге салынған инвестиция - болашаққа салынған қаржы» - деп атап өткен болатын. Бұл білімге салынған инвестицияның араға жылдар салып еселеп қайтатынын меңзеп, ұрпақтың білімі мен ой-санасының ұшқыр болуы жолында ештеңе аямайтын елдің еңсесі биік екенін дәлелдейді»,- деді өз сөзінде партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Наурызбай Байқадамов.
Айт кету керек, бұған дейін де облыста 73 балаға есеп-шот ашылып, «Бөбек» қорынан қаржы аударылған болатын. Ал партияның «Бақытты балалық» жобасы аясындағы бүгінгі шараға еліміз бойынша 3000 салым салу көзделсе, облыста 150 балаға салым ашу жоспарланып отыр. Республика бойынша осы кезеңге дейін 1500 балаға салым салынған.
«Болашаққа қаржы саламыз!» акциясын кез келген ниет білдіруші қолдай алады.
Бүгінгі акцияға өз үлестерін қосқандар арасында облыстық партия филиалы қызметкерлері, облыстық мәслихаттың депутаттары, партияның Сайлауалды тұғырнамасының бағыттары бойынша сарапшы топтың жетекшілері болды.