11:56, 03 Қаңтар 2012 | GMT +5
Қызылордада дәстүрлі «Сыр үміті» сыйлығының иегерлері белгілі болды
ҚЫЗЫЛОРДА. 3 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысының әкімі Б.Қуандықов аймақтың белсенді жастары өкілдерімен кездесіп, облыс жастарына арналған дәстүрлі «Сыр үміті» сыйлығының лауреаттары есімдерін жариялады.
Биыл екінші жыл өзінің иегерлерін тауып отырған сыйлық лауреаттарының арасында қала, аудан көлемінде жастар саясаты, білім, мәдениет, денсаулық, спорт, ауыл шаруашылығы, энергетика саласында еңбек етіп жатқан жас толқын өкілдері бар. Биыл олардың санын 40 лауреат толықтырды. Кездесуде облыс әкімі олардың әрқайсысына естелік белгі мен 75 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықты табыс етті.
Бұл жобаға қатысты шешім 2010 жылғы 15 қарашада өткізілген «Алаштың асқақ рухты жастары» атты облыстық жастар форумында қабылданған. Осыған сәйкес облыста тұңғыш ұйымдастырылған сыйлыққа «Игілік» корпоративтік қорынан 3,8 млн. теңге қаржы бөлінді.
Бұл сыйлық 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға табыс етіледі.