Қызылордада индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы қарқынды жүруде

Бағдарлама бойынша карта аясында және картадан тыс 2017 жылға дейін жалпы құны 60 млрд. 757 млн. теңгені құрайтын 40 инвестициялық жоба іске қосылып, 3335 қызылордалық жаңа жұмыс орнымен қамтылады деп күтілуде. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Қызылордалықтар үшін ерекше стратегиялық маңызға ие, қалада 1400-ге жуық жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беретін шыны зауыты мен арнайы және кешенді қорытпа өндіретін ферроқорытпа зауытының құрылысы салынады.
Есепті мерзімде жалпы құны 1 млрд. 55 млн. теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылып, жаңадан 105 жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, «Смартруббер» ЖШС-нің «Жарамсыз автокөлік балондарын өңдеу арқылы резеңке ұнтағын және жер асты трубаларын шығару» жобасы,«Қызылорда қаласындағы Хуа Ю интернационал» ЖШС-нің «Химиялық реагенттер өндірісі», жеке кәсіпкер «Абсадықованың» «Гигиеналық қағаз шығаратын цехтың құрылысы», «Эко-Н Сервис» ЖШС-нің «Құрамында уландырғыш сынап бар энергия үнемдеуші шамды жинау және тиімді пайдалану», жеке кәсіпкер «Қожаниязовтың» «Күйдірілген кірпіш шығару өндірісін ұйымдастыру» жобалары.
Жыл соңына дейін бағдарлама бойынша жалпы құны 435,9 млн. теңгенің 2 жобасы іске қосылып, 53 жаңа жұмыс орындары ашылады.