Қызылордада қала күні мерекесінің өтуіне өңірдегі ірі мұнай компаниялар демеушілік көрсетіп отыр
«Қазгермұнай» және «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» ірі мұнай компаниялары қолдау жасап отыр. Өңірдегі ел экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосып келе жатқан іргелі кәсіпорындар қала күніне орай үш үлкен балалар алаңы мен спорт алаңын салып беруге уәде етті.
«Екі тойың қабат болсын, екі дүниең абат болсын» демекші, биыл «Торғай Петролиум» АҚ-ның құрылғанына 15 жыл. Осы айтулы күнді торғайлықтар қала мерекесімен қатар тойламақшы. Тойға тарту ретінде кәсіпорын басшылары қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Ерболат Құдайбергенов, Мәдина Сәдуақасова сондай-ақ аты аңызға айналған еуропалық «Лондон бит», «S-MIKS» ән топтары мен Марсельді қызылордалықтар үшін ән шырқауға шақырды.
Қалада таң сәріден көшелерге су шашылып қызу тірлікпен күнтізбенің бір парағы артқа тасталды. Құт қонған Сыр бойындағы баба диқандардың дала төсінде ел ырыздығын жиып жатқан еңбекшілердің пейіліндей ауа райы да жанға жайлы жаймашуақ, мамыражай күй кешіп тұр.
Мерекелік шаралар түс ауа Ғ. Мұратбаев атындағы орталық стадионда қала және аудан әкімдіктері арасындағы үлкен футболдан жолдастық кездесумен жалғасатын болады. Сондай-ақ арқан тартыс, күрес, қол күрес, скейтборд, шахмат, дойбы, нарды, веложарыс, роликті коньки, ұлттық спорт ойындарының түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Мұнан әрі қарай, жоғарыда аты аталған әншілер орталық алаңда мерекелік кештің көрігін қыздырмақ.