Қызылордада «Көрікті жарнама - көркем тіл» атты байқау өтті

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жарнама тілінің қазақ тілінде жазылуын және жарнамалардың көркемдік сапасын жақсарту мақсатын көздеген бұл байқауға банктер мен жарнама агенттіктері және жеке кәсіпкерлер қатысты.
Байқауға қатысушылар өз өнім түрлерін, жарнама материалдарын, логотипі салынған күнтізбелер, карталар, үнпарақтар, кеңсе бұйымдары, буклеттер, маңдайша жазуы және сыртқы жарнамалар мәтіндері түсірілген суреттерді сарапқа салды. Олар байқау шартына сәйкес жарнама роликтері мен слайдтарын пайдалана отырып, қызметтерін таныстырды.
Қазылар алқасы жарнама мәтіндерінің мемлекеттік тілде сауатты жазылуына, жарнаманың қазақ тілінің табиғатына, ұлт ұғымына сай болуына назар аударды. Байқау қорытындысында «Қызылорда дизайн» жарнама агенттігі жеңімпаз деп танылса, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен «Картел» байланыс жүйесі жүлделі орындарды бөлісті.