Қызылордада құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі комиссияның отырысы болды
Комиссияда «Қызылорда облысында 2011-2013 жылдарға арналған құқық бұзушылықтардың алдын алудың өңірлік бағдарламасы туралы» облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Бақыт Муятов баяндама жасады.
Бағдарламаның басты мақсаты - қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету деңгейін арттыру, еліміздегі құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесін құрып жаңа әдістерді енгізу, қоғамдағы азаматтардың қауіпсіздігін сақтауға мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдарды, сонымен қатар жұртшылықты кеңінен тарту арқылы халқымыздың құқықтық мәдениетін көтеру болып белгіленген. Бағдарлама бойынша құқық бұзушылықтың алдын алуға және ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 470 млн.теңге бөлінді.
Айта кеткен жөн, Үкімет бекіткен 2011-2013 жылдарға арналған құқық бұзушылықтардың алдын алудың салалық бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен тек 156 млн. теңге қаралған. Яғни, біздің өңірлік бағдарламамен қаралған қаражат Үкімет қабылдаған салалық бағдарламамен қаралған қаражаттан 3 есе көп.
Тек биылғы жылы осы өңірлік бағдарлама аясында Арал ауданында аудандық ішкі істер бөлімі мен кинология орталығының жаңа ғимараттары салынады, Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіледі, «Визирь» жылдамдықты өлшегіш құралдары, 200 дана компьютер, жедел басқару орталығына қосымша 70 бейне бақылау камералары алынады.
Сонымен қатар, бағдарламамен ішкі істер департаментінің автокөлік паркін жаңартуға арнайы қаражат бөлініп, ағымдағы жылдың наурыз айында 29 жаңа автокөліктің кілтін облыс әкімі салтанатты түрде ішкі істер қызметкерлеріне табыстады.