12:16, 09 Мамыр 2013 | GMT +5
Қызылордада мәдени-сауықтыру орталығы ашылды
ҚЫЗЫЛОРДА. 9 мамыр. ҚазАқпарат - Қызылордада бүгін «Саутс-ойл» мұнай компаниясының тікелей қолдауымен «Ақмешіт» мәдени-сауықтыру орталығы ашылды. Тойханасы, қонақ үйі және фитнес орталығы бар мұндай сәулетті ғимарат қаланың ажарына сән беріп, қала тұрғындарының тынығу орталығына айналғалы тұр. Бұл салтанатты шара мұнай компаниясының кен орынын игеруге кіріскеніне 10 жыл толуына орайластырылып өткізілді.

Орталықтың ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қызылорда қаласының өсіп-өркендеуіне үлесін қосқан компания басшыларына алғысын айтып, кәсіпорынның ардагерлері мен қызметкерлеріне алғысхат ұсынды.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында осыдан екі жыл бұрын осы компанияның қаржыландыруымен қала орталығында заманауи үлгідегі «Нұрсәт» теннис орталығы бой көтерген еді. Елбасының қатысуымен салтанатты түрде ашылған теннис орталығының игілігін бүгінгі таңда қала тұрғындары көруде.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып келе жатқан компания енді жуырда «Қамыстыбас» көлі жанынан 150 орындық пансионат құрылысын бастамақшы. Осы жобаны жүзеге асыруға мұнайшылар 450 миллион теңге жұмсауды жоспарлап отыр.