Қызылордада мектеп түлектері кешіне ақша жинауға және кортежбен жүруге тыйым салынды

Бұл туралы өңір әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Облыстық білім басқармасы бастығының міндетін атқарушы Құралай Ерташеваның баяндауынша, барлық мектепте түлектер үшін соңғы қоңырау 25 мамыр күні кешке соғылады. Сонымен қатар, білім ордаларының директорлары түлектер кешін өткізу үшін ақша жинауға, мұғалімдерге сый-сияпаттар ұйымдастыруға, мерекені мейрамханалар мен дәмханаларда өткізуге, қала ішінде жалданған кортеждермен жүруге тыйым салынғаны туралы ескертілді. Басқарма өкілі атап өткендей, мұндай шаралар әлеуметтік жағынан аз қамтылған балалардың осы тұрғыдағы психологиялық көңіл-күйі ескеріліп қолға алынды.
Облыс әкімі Қ. Көшербаев соңғы қоңырау кешін тойлау кезінде тәртіптің сақталуын қатаң қадағалауды, мерекелік шаралардың мәдениет пен өнер қайраткерлерін қатыстыру арқылы өткізілуін қамтамасыз ететін сценарий жасап шығуды, сондай-ақ түлектер ата-аналарынан ақша жинауға жол бермеуді тапсырды. «Мектеп оқушылардың жадында ұдайы ақша жинаумен айналысатын орын емес, өмірге жолдама беретін білімнің қасиетті ошағы ретінде қалуы керек», - деп түйді сөзін өңір басшысы.