Қызылордада селолық тұтынушылар кооперативтері қауымдастығы жыл қорытындысын шығарды
Сыр бойында бұл қауымдастық осыдан 6 жыл бұрын елімізде алғашқы болып құрылған еді. 300 мыңнан астам тұрғындарды қамтитын 160 құрылымға жеткен тұтынушылар кооперативтері сол кезден бері ауылдың тұрақтылығын, саяси бірлігін сақтап, түрлі қызметтер көрсету арқылы тұрғындардың күнделікті өмірлік мұңмұқтаждарын шешуде жергілікті билік органдарына көмек көрсетіп келеді.
Жиында қауымдастық төрағасы Сәмит Далдабаев баяндама жасады. Одан кейін баяндаманы талқылауға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Талғат Дүйсебаев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің бастықтары мен ауылдық округ әкімдері қатысты. Олар өз сөздерінде биыл атқарылған игілікті жұмыстар жайын қозғады. Yкімет тарапынан заңдастыра отырып шешетін жеңілдетілген шағын несие, техникалық қолдауды оңтайландыру, елді мекендердегі шағын агроқұрылымдарды СТК-ға біріктіріп, ірілендіру сияқты проблемалық мәселелерді ортаға салды.
Жиналыста биылғы жылғы аудандарға жасалған талдау қорытындысына орай кейбір СТК-лар жұмысындағы негізгі олқылықтар туралы да айтылды. Қомақты қаражат қажет ететін іргелі жұмыстарды айтпағанда, әрбір ауылдағы су шаруашылығы жүйелерін жөндеу мен каналдарды тазалау, клуб, емхана, мектеп, балабақша, кеңсе ғимараттарының ағымдағы жөндеу жұмыстарына коммерциялық ұйымдарды араластырмай, бюджеттен жылма-жыл қаралатын қыруар қаржыны игеруді СТК төрағалары мен ауыл әкімдерінің бірлесе отырып шешуге икемдері келмей жатады. Сондықтан кеңесте СТК-ға жүктелетін келелі мәселелерді шешудің бірден-бір жолы - кешенді ұйымдастыру жұмыстары мен тұрғындар арасында түсіндіру сияқты шараларды пәрменді жүргізу қажеттігі атап көрсетілді.