Қызылордада ШҚО-ның мәдени күндері өтті
Сонымен қатар соңғы жылдары Шығыс Қазақстанның бастамасымен ұйымдастырылып жатқан тың бастамалар мен жаңа идеяларымен бөлісті.
Биылғы 9 айдың көрсеткіші бойынша ШҚО-ның әлеуметтік экономикалық дамуының ырғақты екендігін көруге болады. Өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 685,6 млрд. теңгені құрады. Әсіресе, Кенді Алтайда ірі зауыттар тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлер игеру облыстың жалпы өндіріс көлемінде 8,5% құрады, яғни есепті кезеңде 58,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Ал өңдеу өнеркәсібінде - 578,5 млрд. теңгенің өнімі шығарылған.
Сыр елінде Шығыс Қазақстан күндері аясында өтетін мерекелік шаралардың барысы туралы және облыстың жетістіктері мен мүмкіндіктері, келешекке бағыт-бағдары жайлы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев журналистермен өткізген брифингте мәлімдеп берді.
Алаңды бойлай түрлі-түсті 25 шатыр тігілді. Әрқайсы өзгесінен ерекше безендірілген шатырларда Шығыс Қазақстанда жасалған өнімдер сатылды. Оның ішінде Өр Алтайдың бренді - пантакрин мен пантыдан жасалған шипамай, әбілхаят суының сан-алуан түрі, бал мен жаңғақ, дәнді дақылдарды жәрмеңкеге келген меймандарға ұсынды. Жалпы жәрмеңкеде шығысқазақстандықтар 11 тонна бал, 5 тонна түрлі дәнді дақылдар жармасын, 1 тонна марал мүйізінен жасалған панты өнімдерін халыққа ұсынды.
Сонымен қатар Қызылорда халқы шұғылалы Шығыстан шыққан дүл-дүл әншілер мен облыстың шығармашылық ұжымдарының өнерін екі күн бойы тамашалады. Бұдан бөлек республикамызға танымал әншілер өнер көрсетті. Шығыс тумасы, Қалқаман Сарин бастаған бірнеше ақын өлеңдерін оқыды.
Шара барысында Шығыс Қазақстанның көз тартар сұлу табиғаты жайлы әңгімеленіп, туризм саласындағы серпінді жобалардың бірі «Виртуалды туризм» жобасы таныстырылды.