12:37, 10 Тамыз 2010 | GMT +5
Қызылордада соңғы үлгідегі білім ордасы алдағы оқу жылында есігін айқара ашады
ҚЫЗЫЛОРДА. Тамыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Қызылорда қаласының «Сырдария» шағынауданында Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша бой көтерген білім ошағы алдағы оқу жылында өз шәкірттерін қабылдайды деп жоспарланып отыр.

Мектеп құрылысының қолға алынғанына үш жылдың жүзі болды. 2007 жылдың қыркүйегінде ғимараттың іргетасы қаланды. Негізгі жұмыстар соңғы екі жылдың көлемінде жүргізіліп келеді. Соңғы үлгідегі сәулет өнері негізінде салынып жатқан мұндай мектеп құрылысы өңірде бұрын-соңды қолға алынбаған. Ғимарат сегіз бұрышты болып орналасқан. Құрылысты бас мердігер «Асар Холдинг ЛТД» ЖШС жүргізуде. Бұл мектеп құрылысына қазына қазанынан 1 млрд. 630 млн. теңге қаржы қарастырылған.
Білім ошағы 1248 оқушыны қабылдай алады. Оларға арналған 67 сынып бөлмесі бар. Сондай-ақ, оқушылар үлкен және кіші спорт залдарында денешынықтырумен айналыса алады. Мектепте арнайы бассейн де орналасқан. Сонымен қатар, 800 адамды емін-еркін қабылдай алатын акт залы бар.