19:05, 12 Наурыз 2009 | GMT +5
Қызылордада тағы бір кірпіш зауыты іске қосылды
ҚЫЗЫЛОРДА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) -
Қызылордадағы "Мелиоратор" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыс көлеміндегі іргелі құрылыс компанияларының бірі. Серіктестік өткен жылы күйдірілген кірпіш шығаруды қолға алды.
Зауыт жыл он екі ай бойына өнім шығаруға есептелген. Бір жылдық өнім қуаттылығы 30 млн. дана кірпіш шығаруға арналған. Бүгінде толыққанды жұмыс ырғағына көшкен цехтарда қызу еңбек жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.? Күн жылып құрылыстың нағыз қарқын алатын уақыты келе жатыр. Енді біздің өнімдерге сұраныс та көбейе түседі, ? дейді зауыт директоры Мұрат Тоғысбаев бізбен әңгімесінде. ? Қазірдің өзінде құрылысын бастап кеткен компаниялар тасымал жасауда. Алған тапсырысымызға орай жұмысшы санын көбейту жоспарда бар. Жұмыстан қысқарту деген бізде болмайды.Мұндағы әр дана кірпіштің бағасы 27-30 теңге көлемінде сатылуда. Сыңғыр қаққан өнімдердің сапасы сырттан әкелінетін кірпіштерден бір кем емес. Жоғары технологиямен жергілікті жердің сазынан жасалған сап-сары кірпіштер сонадайдан назар аудартады.Серіктестік кірпіш зауытымен қатар жақын күндері темір-бетон зауытын да іске қоспақшы. Құрылыс бетон өнімдеріне сұраныс көлемінің қомақты болатыны қазірден-ақ белгілі болып отыр. Бүгінгі күннің өзінде су жүйелерін жөндеуге жұмсалып жатқан құрылыс материалдарын айтпағанда, Сырдария өзенінің оң және сол жақ жағалауын бекемдеуге кететін бетон көлемі аса мол болмақ. Демек, "Мелиоратор" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты кірпіш-бетон зауыттарының жұмысы да жандана түсері анық.