Қызылордада тазалық айы жүргізілуде

Қазіргі таңда қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында қала аумағы 22 секторға бөлініп, тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Аталған секторлар бойынша 10 мердігер мекеме тазалық жұмыстарын жүргізіп келген болса, қазіргі уақытта санитарлық тазалық жұмыстарын қамтамасыз ету мәселесі «Қызылорда тазалығы» ЖШС-не жүктелді.
Аталған мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында облыс әкімінің қолдауымен облыстық бюджеттен жаңа үлгідегі 70-ке жуық техника алу жоспарлануда.
Екі айлық тазалық айы аясында қаладағы арықтар мен каналдарды, аллеялар мен гүлзарларды тазалау, мәдени-көпшілік орындарды көркейту, көгалдандыру және ағаш көшеттерін егу жұмыстары жасалады.
Сонымен қатар, құзырлы орган мамандарынан құралған мобильді топ күнделікті рейдтер ұйымдастырып, тұрғындар арасында насихаттық жұмыстар жүргізіп, тазалық сақтамаған меншік иелеріне ескертулер жасауда.
Нәтиже де жоқ емес, бүгінде қалада бей-берекет орналасқан сауда нүктелері біртіндеп жойылып, осы уақытқа дейін қоқыс жәшіктерін орналастырмаған мекемелер, кәсіпкерлік нысандары (меншік нысанына қарамастан) арнайы урналар орнатуда.