Қызылордада тұңғыш рет қауын-қарбыз фестивалі өтті (ФОТО)
Елімізде қауын-қарбыз өндірісі жөнінен Сыр өңірі алдыңғы қатарда келеді. Қазіргі уақытта дария бойындағы диқандар жыл сайын 15 мың гектарға жуық бақша дақылдарын егеді. Олардың арасында қауынның қара күләбі, әміре, әңгелек сияқты сорттары үлкен сұранысқа ие.
Биыл қала күні мерекесі кең көлемде аталып өтілуде. Қауын-қарбыз, кондитерлік өнімдер және балалар шығармашылығы фестивалі, жас ақындар мүшәйрасы, ауылшаруашылық жәрмеңкесі, спорттық сайыстар ұйымдастырылып, әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Фестивальде аймақ басшысы Қ.Көшербаев қызылордалықтарды мерекелерімен құттықтады.
Бүгінгі қауын-қарбыз фестивалі - ала жаздай егіс даласында тынбай еңбек еткен ағайынның еңбек мерекесі. Айта кетейік, соңғы бір ай бойы қала тұрғындарын арзан бағалы өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында әр жексенбі сайын ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Фестиваль ұлттық ойындарға жалғасты. Арқан тарту, асық ату, гір көтеру, қол күресте мықтылар анықталды. Сондай-ақ, «Балалар әлеміне» саяхат» балалар ойыншықтарының жылжымалы шеруі өтті. Қала күні эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертпен қорытындыланады.