14:35, 30 Мамыр 2009 | GMT +5
Қызылордада тұрғын үйлерді газдандыруда шешілмеген түйіндер бар
ҚЫЗЫЛОРДА. Мамырдың 30-ы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Қызылордада облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың төрағалығымен облыс орталығын тұрғын үй секторын газдандырудағы күрделі мәселелерді талқылауға арналған мәжіліс өтті.
Оған мердігерлер мен жобалаушы компаниялар өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. « Халыққа тиімді әрі арзан бағамен "көгілдір отын" ұсыну Мемлекет басшысының тапсырмасы. Сондықтан бұл түйіннің шешімін табу, мердігерлермен бір келісімге келу кезек күттірмейтін іс», ? деді облыс басшысы мәселенің маңыздылығына мән беріп. Бүгінгі күні республикалық бюджеттен газдандыруға бағытталған 2 млрд. 135 млн. теңге қаржы игерілуде. Бірақ көшеге жүргізілген құбырлардан жеке үйлерге газ тарту ісінде бірқатар қиындықтар туындап отыр. Бүгінде қалада 403 көпқабатты тұрғын үй, 793 жеке сектордағы тұрғын үй және 124 коммуналдық-тұрмыстық мекеме газға қосылған. Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Ерлан Сұлтангереевтің айтуынша, қазіргі таңда 4 мыңнан астам жеке үй мен 46 көпқабатты үйдің ілеспе газға қосылуға мүмкіндігі бар. Дегенмен бір үйді газдандыруға кететін шығын мен жиналатын құжаттар саны, оларды рәсімдеудегі қиындықтар тұрғындарға қолбайлау болып отыр. Мамандардың есептеулеріне қарағанда, қазіргі қолданыстағы ережелермен газ жүргізу үшін қала тұрғыны 160-250 мың теңге қаражаты мен 1,5-2 ай уақытын сарп етуі керек. Бірақ кейбір құжаттарды, мәселен "ҚазТрансГазАймақ" АҚ-нан техникалық шарт алудың мерзімін қысқартуға әбден болады. Сондай-ақ төтенше жағдайлар жөніндегі мекемеден анықтама алу, үйдегі түтін жолының тығыздығын тексеру және уақтылы тазарту актісін алу сияқты қат-қабат құжаттар жинау үшін адамдарды сабылтудың жөні жоқ. Өйткені мұның бәрі жобалау барысында ескерілетін заңдылықтар. Тіпті үйіне газ қосуға ниет білдірушілерге "бір терезе" арқылы қызмет көрсетуді де ойластырған абзал. Облыс әкімі тиісті басқарма басшысына осындай тапсырма берді.