Қызылордада «Ұғынып тамақтан. Денсаулығыңды сақта!» ұранымен фестиваль өтіп жатыр
Денсаулық фестивалінде мемлекеттік, бюджеттік сала қызметкерлерінің, студенттер және оқушылардың қатысуымен Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионнан орталық алаңға дейін 2400 метр қашықтыққа жүгіру ұйымдастырылады. Сонымен қатар 3000-ға жуық адам орталық алаңда «Қара жорға» биін билейді. Сондай-ақ спорттың ұлттық түрлері бойынша жарыстар, концерттік бағдарламалар, сурет және би сайыстары, байытылған ұннан жасалған тағам өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіледі.
Акция барысында орталық алаңда медицина қалашығы құрылып, мамандардың кеңес беруі, УЗИ, ЭКГ, глюкометр аппараты арқылы қандағы қант мөлшерін анықтау, флюорографиялық тексерулер секілді тегін медициналық қызмет көрсетіліп, ақпараттық-танымдық материалдар таратылады. Акция соңында жеңімпаздар, белсенділік танытқандар бағалы сыйлықтармен марапатталады. Кеңауқымды акцияның өткізілуіне демеушілік жасаған «Марсель Петролеум» ЖШС жиналған тұрғындарға өздерінің өндірген минералды суларын тегін таратады.