Қызылордада Ұлы Жеңіс тойын тойлаушылар қатары көп

Бүгін таңертең ол негізгі шараға дейін радиоконцерт берумен басталды.
Сағат тура 9-да құрметті қонақтар орындарына келіп отырғаннан кейін алдымен дабыл қағылды. Мұның соңын ала бірден «Ерлік көктемі» атты сахналық көрініс басталып кетті. Осыдан соң 20/19 шекарашылар әскери бөлімінің үрлемелі аспаптар оркестрі ҚР Әнұранын орындады.
Мерекелік шаралар салюті берілісімен, Ұлы Жеңіспен құттықтаушылар сөз алды. Ұлы Отан соғысының ардагері Бөрібай Құлманов майдандастар атынан жиналған жұртты мерекемен құттықтады. Соғыс жылдарында тылда еңбек еткендер атынан еңбек ардагері Софья Тәшімова өз тілегін білдірді.
Құтықтаулардан соң мерекелік әскери шеруге кезек келді. Оны ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 20/19 әскери бөлімі бастады. Бұдан кейінгі кезекте облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің, облыстық төтенше жағдайлар департаменті құрлымдарының, қалалық ішкі істер басқармасы патрульдік полиция батальонының, облыстық мамандандырылған күзет басқармасының, Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлер 55/47 әскери бөлімінің қызметкерлерінен, Қорқыт ата атындағы университет әскери кафедрасының үздік курсанттары мен бастапқы әскери мамандық студенттерінен құралған топтар сап түзеп жүріп өтті.