Қызылордада заңсыз қаруларды тәркілеу жүріп жатыр

Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Соңғы бір тәуліктің ішінде ғана полиция қызметкерлері тұрғындардан заңсыз сақталған 5 дана қаруды алды. Атап айтар болсақ, Жалағаш ауданының тұрғыны үйінде «ТОЗ» үлгісіндегі 16-шы калибрлі қос ұңғылы аңшы қаруы табылған. Сондай-ақ осы ауданның тағы бір тұрғынының сақтауынан «ИЖ» үлгісіндегі 16-шы калибрлі бір ұңғылы аңшы мылтығы алынды. Шиелі ауданы бойынша жүргізілген жедел-алдын алу іс-шарасы барысында аталмыш ауданның тұрғынының өз үйінде 16-калибрлі аңшы мылтығын сақтап келгені анықталды.
Мұндай оқиғаның екі дерегі Жаңақорған ауданында да тіркелді. Үй ауласында орналасқан гараж ішінен газетке оралып, полиэтилен пакетке салынған жарылғыш затқа ұқсас сары сұр түсті зат табылған. Тексеру барысында ол заттың 38 грамм жарылғыш оқ-дәрі екендігі анықталды.
«Құқықтық тәртіп» операциясы жалғасын табуда.