Қызылордада Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қомақты қаржы беріледі
Қызылорда қаласы бойынша бүгінгі күнде барлығы 54 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Оның 19-ы - ҰОС мүгедегі, 35-і - ҰОС қатысушысы.
Ұлы Жеңістің 69 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне жергілікті бюджеттен бір жолғы көмек ретінде барлығы 185 млн. теңге бөлінді. Содан 54 -ҰОС қатысушысы мен мүгедегіне 74080 теңгеден беріледі.
ҰОС жылдары қаза болған екі жауынгердің қайта некеге тұрмаған жесіріне де сол көлемдегі қаржы қаралған. Соғыс жылдарында концлагерьде болған бұрынғы кәмелетке толмаған бір тұтқынға да осы көлемде көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, 90 тыл ардагері мен бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталған тыл еңбеккерлеріне 37 040 теңгеден қаралып отыр. Ұлы Отан соғысы жылдары тылда кемі 6 ай еңбек еткен 2600 ардагерге 55560 теңгеден бөлінсе, Ауған соғысының ардагерлеріне, 1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-індегі аппаттан құтқару жұмыстарына, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тікелей қатысқан адамдарға және әскери міндетін өтеу кезінде мүгедек болған әскери қызметкерлерге де 55560 теңгеден бір жолғы материалдық көмектер берілмек.