Қызылордада «Жұмыспен қамту-2020» МБ аясында 64 жас отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, тұрақты жұмысқа орналасты

Ең алдымен жастар арасында жұмысқа қамтуға, өз кәсібін ашуға және тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен насихаттау мақсатында қалаға қарасты кент, ауылдық округтерде және қаланың 14 аумағында тиісті сала мамандарымен бірге кездесулер өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Аталмыш кездесулер жастардың мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін кеңінен қолдануына ықпал етуде.
Мәселен, жыл басынан бері қалада жұмыссыз ретінде хабарласқан 5281 жастың 90,2 пайызы мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отыр. Атап айтқанда, 2240 жас тұрақты жұмысқа орналасып, 707-сі ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылды, 223 жас қайта даярлау курстарынан өтті. 1394 жас «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» бағдарламасына қатысуда.
Жұмыссыз жастармен мақсатты жұмыс жасауда «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» бағдарламасының үлесі зор.
Бағдарламаның «Жастар тәжірибесі» бағытына бөлінген 73 млн. 200 мың теңгеге 370 жасты қамту көзделген болатын. Есепті мерзімнің өзінде бұл көрсеткіш артығымен орындалып, яғни 370-тің орнына 602 азамат «Жастар тәжірибесі» аясында жұмыс жасауда.
Республикалық бюджеттен әлеуметтік жұмыс орындарымен 457 адамды қамтуға 103 млн. 600 мың теңге бөлінді. Қазіргі таңда мекемелер мен кәсіпорындарда жолдама негізінде жұмыс жасайтын 808 азаматтың 361-і -жастар.
Жыл басында ата-анасының қамқорлығынан айырылған 64 жас отбасы «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» бағдарлама аясында тұрғын үймен қамтылып, тұрақты жұмысқа орналасты. Ал жыл басынан бері «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасының «Жас отбасы» санаты бойынша 150 жас отбасы баспаналы болды. Жыл соңына дейін 120 жас отбасы қоныс тойын тойлайтын болады.
Жастарды жұмыспен қамтуда қалада ай сайын өткізіліп жатқан «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесінің септігі тиюде. Жыл басынан бері 6 рет өткізілген жәрмеңкеге 185 кәсіпорындар мен мекемелерден 1366 бос жұмыс орындары ұсынылды. Нәтижесінде 163 жас аталған жәрмеңке аясында жұмысқа орналасты.