Қызылордада жыл соңына дейін 900 орындық білім ордасы пайдалануға беріледі

Ипподром мөлтек ауданынан 900 орындық жаңа мектеп ғимаратының құрылысы басталды. Аталған нысандар бойынша пайдалануға тапсыру мерзімі жыл аяғына жоспарланды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Мұнымен қоса, 15 мектеп, 2 балабақша және Оқушылар сарайы күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттерден 674 млн. теңге бөлінді.
Қалада бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар биыл да өз жалғасын табады.Қалалық бюджеттен бөлінген 11 млн.теңгеге Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубы ашылды. Сондай-ақ, 534 млн. теңгеге 37 аула және балалар ойын-спорт алаңдары пайдалануға беріліп, Тасбөгет кентінде салынатын спорттық сауықтыру кешендерінің жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.
Салынатын аула және балалар ойын-спорт алаңдарының ерекшелігі мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді болмақ.
Облыстық футбол федерациясының қолдауымен қаладағы № 101 мектеп ауласынан шағын футбол алаңы салынды және Ильи Ильин атындағы спорт алаңы қайта жаңғыртылуда.
Мұнан өзге, биыл қалада демеушілер есебінен 25 млн. теңгеге бір мезетте 20 азаматқа тұрақты қызмет көрсететін «Ақмерген» ату тирі пайдалануға берілді.
Жыл ішінде Илья Ильин атындағы ауыр атлетика орталығы мен бокс сарайының құрылысы салынады.