17:25, 27 Қараша 2015 | GMT +5
Қызылордалық Н.Көлдеев гір спортынан әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Ирландияның Дублин қаласында гір спортынан ересектер арасында Әлем чемпионаты өтуде.

52 мемлекеттің спортшылары бақ сынасып жатқан дүбірлі бәсекеде жерлесіміз, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрсұлтан Көлдеев 68 келі салмақ дәрежесінде Әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Ол 32 келі гір тасын серпе көтеру жаттығуы бойынша 92 рет, ал жұлқа көтеруде 62 рет көтеріп, нәтижесінде 154 ұпай жинады. Жарыс 29 қарашаға дейін созылады. Сырдария спорт клубта тәлім алатын Нұрсұлтанның бапкері: Жасұлан Өмірбаев. Нұрсұлтанның алдағы жоспары - келесі жылы болатын жарыстарға тыңғылықты дайындалу.