Қызылордалық шенеуніктер балаларды жүзуге үйретуді мектеп табалдырығынан бастауды ұсынды
Бұл жөнінде қала әкімдігінде өткен тұрақты кеңесте айтылды.
Суға түсу маусымындағы қауіпсіздік шаралар жөнінде баяндаған облыстық Төтенше жағдайлар департаменті суда құтқару қызметінің басшысы Арыстан Алмашев қала көлемінде азаматтардың суға кету фактілері тіркеліп отырғандығын айта отырып, құтқарушылардың көмегімен жыл басынан бері 13 тұрғынның, соның ішінде 2 баланың өмірін аман алып қалу мүмкін болғандығын айтып өтті.
А. Алмашев суға кету оқиғаларының алдын алу мақсатында жүзуге үйретуді мектеп табалдырығынан бастауды ұсынды.
Өз кезегінде қалалық білім бөлімінің басшысы Марат Аралбаев облыс әкімінің қолдауымен қаладағы «Евразия» спорт кешенінде 185 балаға суда жүзу сабағы тегін беріліп жатқандығын жеткізді.
Кеңес барысында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Еуразия» спорт кешеніндегі шараға бірінші кезекте тұрмыстары төмен және көпбалалы отбасылардың балаларын қатыстыруды тапсыра отырып, тиісті сала басшыларына қауіпті су айдындарында рейдтер ұйымдастыруды және насихаттық шараларды күшейтуді жүктеді.