14:29, 26 Сәуір 2011 | GMT +5
Қызылордалықтар батысқазақстандықтарға көмек қолын ұсынады
ҚЫЗЫЛОРДА. 26 сәуір. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылордадағы Студенттер сарайында Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге арналған қайырымдылық акциясы өткізілді. Оны «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы ұйымдастырды.
Аталмыш шараның ашылу салтанатында кіріспе сөз сөйлеген «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат хатшысы Нұрлан Құдайбергенов тасқыннан зардап көріп жатқандарға жәрдем жасауға атсалысуға шақырды. Мұндай шақыру сөзін «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Дайрабай қажы Рысбай да көпшілікке жеткізді. Басқа-басқа, сырбойылықтар су тасқынының зардабы қалай болатынын жақсы біледі. Сондықтан қазіргі күндері қиындыққа ұшырап жатқан Жайық жағасындағы жұртқа қамқор қолын ұсынуды өздерінің борышы санайды.
Акция облыс мекеме мен кәсіпорындарының, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктерінің,білім ордалары мен басқа да құрылымдардың ақшалай-заттай және азық-түлік көмектерін ортаға салуына жалғасты.