Қызылордалықтар елордаға 400 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелді

Қызылорда облысының Астанадағы күндері аясында ұйымдастырылған жәрмеңкені бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев пен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов аралап көрді.
Күрішті өлке Астанаға «Сыр маржанының» 60 тоннадан астам әртүрлі сорттарын, 30 тоннадан аса теңіз өнімдерін жеткізіпті. Соның ішінде сазан, ақмарқа, түйетабан және мөңке балықтары бар. Сондай-ақ қызылордалықтар елорда тұтынушылары үшін 200 тоннадан астам картоп, қарбыз, қауын және басқа да көкөніс пен жеміс өнімдерін жәрмеңкеге шығарды.
Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықовтың айтуынша, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған жәрмеңкеде азық-түлік өнімдерінің 40-қа жуық түрі сөреге қойылған.
«Астанадағы жәрмеңкеге Қызылорда облысынан 400 тоннадан астам ауылшаруашылық өнімдері жеткізілді. Бұл - Сыр өңірінің елордалықтардың дастархандарына ұсынған тартуы», - дейді Б. Қуандықов.