Қызылордалықтар Ұлыстың ұлы күнінде бүлдіршіндердің тұсауын кесті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке Қызылорда облысында бір ай көлемінде тойлануда. Наурыз мерекесінің негізгі шаралары бүгін облыс орталығында өтіп, оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
None
None

Орталық алаңға тігілген 30 үйде салт-дәстүр жаңғыртылып, қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылды, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Самарқанның көк тасы ерiген қасиетті күнде Сыр жұртшылығы жетi түрлi дәмнен жасалған Наурыз көжеден дәм татты. Төс қағыстырып, амандық сұрасты. Сәлемдесу, дүниеге келген балаға ат қою, шілдехана рәсімдері өткізілді. Аймақ басшысы Қ.Көшербаев пен Қазақстанның Еңбек Ері А.Ералиев кішкентай ұл мен қыздың тұсауын кесіп, бүлдіршіндердің алғаш басқан қадамдарына сәттілік тіледі. Жастар жағы қыз бен жігіт айтысын ұйымдастырса, жергілікті өнерпаздар сахналық көрініс арқылы жаңа жылдың басталғанын айшықтайтын көріністер көрсетті. Өңір басшысы жиылған жұртшылықты әз Наурыз мекересімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Жылуы мен шуағын сыйлап, жанымызға жарқын үміт пен ізгі ниет ұялатқан Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!Өткен жылға өкпеміз жоқ. Аймағымызға 370 млрд. теңгеден астам инвестиция салынды. Салық түсімі артып, құрылыс қарқын алды. 8300 жаңа жұмыс орны ашылды. Мұның барлығы халықтың тұрмысын түзеуге өзіндік себебін тигізді. Жаңа жылға Елбасының «Мәңгілік ел» идеясымен табан бастық. Мемлекет басшысының салиқалы саясатын жүзеге асыруда Сыр елі аянып қалмайды. Алға қойған міндеттерді бірге бағындыратынымызға сенім мол. Барлықтарыңызға зор денсаулық, отбасы амандығын тілеймін», - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Мереке аясында арқан тартыс, қол күрес, кір тасын көтеру, асық ату және тоғызқұмалақ сынды ұлттық спорттық ойындардан сайыстар өткізілді. Жарысқа қатысып, суырылып алға шыққан спортшыларға сый-сияпаттар табыс етілді.

Наурыз мейрамы одан әрі Қазақстан эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Соңғы жаңалықтар