Қызылорданың мұнайы 10-12 жылға ғана жетеді

Бұл туралы кеше аймаққа жұмыс сапарымен келген Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың қатысуымен өткен кеңесте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мәлім етті.
Облыстағы жер қойнауын пайдаланушылармен болған кездесуде аймақ басшысы сондай-ақ өңірде мұнай-газ кластерін құруды да ұсынды. Мәжіліс барысында негізінен аймақтың минералды шикізат базасын дамыту перспективалары, газ құбырларын тарта отырып, тұрғындарды табиғи отынмен қамтамасыз ету, мұнай-газ секторында қазақстандық үлесті арттыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ экологиялық түйткілдер де тақырып өзегіне айналды. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігін көтеру жайы да сөз болды. Өңір басшысы басқосуға жиналғандарды облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен таныстырды.
«Қызылордада жиырма жылдан бері мұнай өндіріліп келеді. 2020 жылға қарай жылына 4,5 млн. тонна мұнай өндіріледі деген болжам бар. Бірақ жерасты байлығы шексіз емес. Мамандардың пайымынша, мұнай қоры алдағы 10-12 жылға ғана жетеді. Елбасының тапсырмасына сәйкес біз шикізатқа тәуелділіктен арылуға тиіспіз», - деген Қ.Көшербаев, сол себепті де Сыр бойында газ кластері құрылуы керек дегенді алға тартты.
Қазір Қазақстанда жыл сайын 21 мың тонна уран өндірілсе, соның 14 пайызы Қызылорданың үлесіне тиеді екен. Осыны тілге тиек еткен Қ.Көшербаев министрге аймақта мұнай өңдеу зауытын да салуды ұсынды.
Сондай-ақ республикада өндірілетін ваннадийдің де 10 пайызы Қызылордада. Әкімнің айтуынша, мұнда осылайша 9 түрлі өндірісті өркендетуге мүмкіндік бар. Табиғи газ тапшылығын мәселе етіп көтерген Қырымбек Елеуұлы алдағы 2 жылда елді мекендерге толық «көгілдір отын» жеткізу міндеті тұрғанын айтты. Республика бойынша ең арзан газ - Қызылордада, оның 1 текше метрі 6,644 теңгені құрайды. Бұл уақытша жағдай. Алдағы уақытта газдың бағасын көтеру жоспарда бар.
Жиында Сыр бойында жұмыс жасап жатқан бірқатар шетелдік компания басшылары сөз алып, ойларын ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған С.Мыңбаев: «Бүгінде Қазақстан көлемінде үш өңірде - Атырау, Павлодар және Шымкентте мұнай өңдеу зауыттары бар. Олардың барлығы қайта жаңғыртылуда. Бірақ соның өзінде бұл бізге жеткіліксіз. Сондықтан 2024 жылға қарай тағы біреуін салу қажеттілігі туады. Құрылысты 2017 жылы бастап кету керек. Ал газдың бағасына келер болсақ, арзан баға деген болмайды», - деді.