Лаңкестік топтарды исламдық ұйымдар деп сипаттаудан бас тартуымыз қажет - ГФР Бундестагының депутаты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық биліктер діни қоғамдастықтардың әлеуетін көбірек назарға алуы тиіс. Бүгін Астанада «Діндер терроризмге қарсы» атты халықаралық конференция барысында ГФР Бундестагының депутаты Аксель Фишер мәлім етті.
None
None

Еуропадағы лаңкестік іс-қимылдарға тоқталған Бундестаг депутаты: «Осы лаңкестік әрекеттерге жауапкершілікті өздерін «исламдық» деп атайтын топтар алып отыр. Алайда, біз осы лаңкестік топтарды исламдық ұйымдар деп сипаттаудан бас тартуымыз қажет. Атап айтқанда, бұл ұйымдарда ислам атын жамылып, өздерінің талаптарын қоюға құқы жоқ»,-деді.

Осы орайда А. Фишер барша әлемді діни қоғамдастықтарды қорғау керектігін, құндылықтарды лаңкестерге қарсы қолдану қажеттігін атап өтті.

«Ұлттық биліктер діни қоғамдастықтардың әлеуетін көбірек назарға алуы тиіс, диалог құру бағытында белсенді жұмыс атқаруы тиіс. Өз кезегінде бұл қоғамдастықтар бейбітшілікте өмір сүрудің ортақ құндылықтарын насихаттауға ерекше мән беруі керек. Біз білім беру мен әлеуметтік саясат арқылы лаңкестік ортаның құрылуына тосқауыл қоя аламыз», - деді Бундестаг депутаты.

Осы орайда ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың лаңкестікпен күрес жөніндегі бастамаларын қолдайтынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар