Латвия Президенті: Қазақстан - аса сенімді әрі маңызды әріптес

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Латвияны ортақ мақсаттар мен болашаққа деген ұқсас көзқарас біріктіреді. Бүгін Астанада Латвия Президенті Раймондс Вейонис осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Өз кезегімде бүгін дүниежүзілік көрме аясында Латвияның транзит және логистика аптасын ашуға қуаныштымын! Осы апта ішінде Латвияның көлік-логистика саласына, оның мақсаттары мен бұл бағытта атқарылып жатқан шаралар мен халықаралық сахнада қол жеткізілген жетістіктерге арналған түрлі іс-шаралар өтеді. Көлік секторының Латвия үшін маңызы аса зор. Дәстүрлі түрде халық шаруашылығының қалыпты қан айналымын қамтамасыз етіп отыратын көлік саласын ел экономикасының күре тамыры деп айтуға болады. Сондықтан бұл секторды одан әрі дамыту - мемлекет үшін ерекше басымдыққа ие. Мен әсіресе, осы конференцияны және Еуразия құрлығындағы ғаламдық көлік қозғалысына арналған пікірталасты өзімнің Қазақстандағы сапарым барысында ашып отырғаныма ерекше қуаныштымын», - деп тоқталды Раймондс Вейонис ЭКСПО аумағындағы Латвия павильонында өтіп жатқан көлік қатынастары конференциясында.

«Қазақстан біздің ел үшін ынтымақтастық саласындағы аса сенімді де маңызды әріптес болып табылады. Биыл Латвия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толады. Ширек ғасыр бойы біздің елдеріміз тығыз ынтымақтастық арқасында белсенді саяси диалог ғана емес, сонымен қатар табысты экономикалық әріптестікті де дамытып келеді. Бұл одан арғы даму мен ортақ жетістіктердің берік те мазғымас тірегі бола алады, өйткені біздің елдерімізді ортақ мақсаттар мен болашаққа деген ұқсас көзқарас біріктіреді», - деді ол.

Р. Вейонис көптеген жылдар бойы Қазақстан Латвияның көлік секторындағы да сенім серіктесі болып отырғандығын айта келе, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастық екі мемлекет үшін де өзара қызықты әрі тиімді екенін жеткізді.

«Біздің елдеріміздің географиялық тұрғыдан орналасу артықшылығы мен жақсы дамыған көліктік инфрақұрылымы жүк тасымалын Азиядан Еуропаға және кейін қарай табысты жүзеге асыра отырып, құрлықтарды біріктірудің негізгі кілті болып табылады. Латвия осы ғаламдық біріктіруді қамтамасыз ететін Еуразиялық құрлықтағы маңызды буын, себебі Латвия тарихи тұрғыдан Шығысты Батыспен байланыстырып, Солтүстік Еуропаның басқа елдеріне жол ашатын көпір міндетін атқарады. Уақыт өте келе, сұраныс  та өзгереді, ал бұл көлік қызметіне, оның сапасы мен салада қолданылатын технологияларға тікелей ықпал етеді. Қазіргі таңда Латвия көлік секторының негізгі басымдылығы Еуропадан Латвия арқылы Азия елдеріне контейнерлік тасымалды дамыту, сондай-ақ жүк тасымалын кері бағытта қамтатамасыз ету болып табылады. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Латвияның жақсы дамыған инфрақұрылымы жеткіліксіз. Транзит Еуразия құрлығындағы елдер арасындағы ынтымақтастықтың кең спектрін қамтитын трансшекаралық ауқымдағы маңызды сала және Қазақстан Латвияның бұл сектордағы ең маңызды әріптестерінің бірі», - деді ол.

Сөз соңында Латвия Президенті Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесі Еуразиядағы көлік тасымалы саласы бойынша көлік секторының өзекті мәселелерін талдауға арналған жақсы тұрғырнама әрі тамаша мүмкіндік екендігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар