Іле Алатауынан Шарынға дейін: жаңа туристік бағыт 1200 шақырымды қамтиды
АСТАНА. KAZINFORM – Былтыр еліміздегі ұлттық парктерге 2,8 миллионнан астам адам барған. 2023 жылғы дерекпен салыстырғанда 18%-ға көп.

Туристер арасында Іле-Алатау ұлттық паркі, Шарын шатқалы, Алтын-Емел және Көлсай көлдері ерекше танымал. Мемлекет басшысының ішкі туризмді дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, Туризм және спорт министрлігі жаңа экотуристік бағыттарды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.
Қазіргі уақытта шамамен 750 шақырым табиғи маршрут абаттандырылған. Алдағы жылдары маусымдық ерекшеліктер, басым бағыттар және көлік қолжетімділігі ескеріле отырып, тағы 350 шақырым жолды жабдықтау жоспарланып отыр. Биыл тоғыз негізгі туристік соқпақ салу көзделген.
Ірі жобалардың бірі — Alatau Amanaty бағыты. Ол «Аюсай» визит-орталығының негізінде жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба Іле Алатауының көркем жоталарымен өтіп, Шарын шатқалын «Таңбалы» қорық-музейімен байланыстыратын 1200 шақырымнан астам жолды қамтиды. Маршрут бойында этноауылдар, кемпингтер, глэмпингтер мен гастротуризм нысандары салынады. Болашақта бұл бағыт ішкі және халықаралық оқиғалы туризм үшін тұтас экожүйеге айналмақ. Alatau Amanaty жобасы саланы дамытумен қатар, ауыл тұрғындарын экономикалық белсенділікке тартуға да бағытталған.
Бүгінде маршруттың негізгі аялдамалары туристер үшін тартымды нүктелерге айналып отыр. Олардың қатарында: «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, Көк-Жайлау шатқалы, Бутаковка сайы, Алма-Арасан ыстық бұлақтары, Үлкен Алматы көлі, VIII–XIII ғасырлардағы Талхиз қалашығы және Oi-Qaragai тау курорты бар.
Жобаның іске қосылу күні қатысушылар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында таулы аймақтарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, экологиялық іс-шара өткізді.
Мұндай жобаларды жүзеге асыру тек тұрақты туризмді дамытуға ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті қауымдастықтарды қолдау арқылы өңірлер үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер береді.
Айта кетелік ішкі туризмді қолдау бойынша мемлекет кәсіпкерлерге жеті бағыт бойынша өтемақы мен субсидия береді.