Лифтіге жауапты компанияларға шара қолдану құзыреті әкімдікке берілмек - Астана

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы лифтіге жауапты компанияларға әкімшілік шара қолдану құзыреті Астана қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына берілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Қазіргі таңда лифтілердің қызметін бақылау міндеттемелерінің бір бөлігі толық болмаса да, бізге берілді. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде мемлекеттік инспекторлар ретінде біздің қызметкерлер жазылмай, толық міндеттеме берілмегендіктен, біз қазір толыққанды тексеру жұмыстарын жүргізе алмай отырмыз. Бүгінгі күні осы мәселені реттеуге бағытталған заң жобасы қарастырылуда. Сол заң жобасы аясында бізге мемлекеттік инспектор мәртебесі беріледі. 2019 жылдың басынан бастап тексеру парағы жасалғаннан кейін біз толық тексеру жүргізіп, әкімшілік шараларды қабылдай аламыз», - деді Астана қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы Есіл аудандық бөлімінің бас маманы Ерлан Қиябаев.

Оның айтуынша, қазір басқарма қызметкерлеріне мұндай құзірет берілмегендіктен, олар лифтіге жауапты мекемелерге тек түсіндірме жұмысын жүргізумен шектеліп отыр.

«Біздің қызметкерлер қазір тұрғын үйлерге барып, лифтілердің жай-күйін тексеру үстінде. Бүгінге дейін 2050 лифт тексерілді. Жыл соңына дейін елордадағы 6900 лифтінің бәрін тексеріп, қалай жұмыс істеп тұрғанын анықтаймыз», - деді басқарма өкілі.

Ерлан Қиябаев өз сөзінде атап өткендей, бюджеттен бөлінген қаражат есебінен бес лифт жөндеуден өткен.

«Ендігі жылы 20 лифтіні жөндеу жоспарда бар. Бірақ, оған тұрғындардың келісімі керек», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар