Лондон-2012: 1 қазақ, 2 орыс зілтеміршісі. Кім мықты?

Бұл сайыста қазақ елінің намысын қорғайтын екі дүркін әлем чемпионы Светлана Подобедоваға зор сенім артылып отыр. Оның Олимпиада алтынына қол созуына мүмкіндігі мол.
Ал Подобедованың басты қарсыласы кім? Жалпы осы салмақ санатында А тобында 7 спортшы Олимпиада алтыны үшін таласатын болады. Дегенмен, негізгі тартыс 1 қазақ, 2 орыс зілтеміршісі арасында өтетіні анық. Есте болса, оның бірі спортшы Надежда Евстюхина өткен жылы Парижде өткен әлем чемпионатында Светлананың алдын орап, чемпион атанған болатын. Сол жолы ол екі жаттығудың қорытындысы бойынша 293 келіні көтеріп бірінші орынға шығумен қатар, серпе көтеруде 163 келіні бағындырып, әлем рекордын да жаңартқан еді. Наталья Заболотная да өте беделді спортшы. Алайда, Еуропаны бірнеше мәрте ұтқан бұл спортшының әлем чемпионатында тек күміс медальді қанағат етіп жүргені белгілі. 2004 жылы Афина олимпиадасының күмісін де қанжығасына байлаған.
С.Подобедова Ресейдің Зима қаласында дүниеге келгенімен, спорттық зор жетістіктерге Қазақстан құрамасы сапында жүріп қол жеткізді. Есте болса, осы спортшымызды Ресейдің ауыр атлетика федерациясы 2008 жылы Бейжің олимпидасында қазақ елінің атынан шығуына қарсылық танытқан болатын. Осылайша, өзін өзектен тепкен елдің зілтеміршілерінің алдын орасам деген арманы орындалмай қалған еді. Енді соған мүмкіндік туып тұр.