19:43, 06 Тамыз 2012 | GMT +5
Лондон-2012: Алмат Кебісбаев ширек финалда ирандық палуанмен белдеседі
АСТАНА. 6 тамыз. ҚазАқпарат - Лондон Олимпиадасында 60 келі салмақ санатында грек-рим күресінен ширек финалда Алмат Кебісбаев ирандық палуанмен белдеседі.

26 жастағы ирандық Омид Хажи Нороози бұған дейін 1/8 финалдағы белдесуінде болгар палуанын ұтқан болатын.
Ал алғашқы айналымда Алмат украиндық қарсыласы Ленур Темировты айқын басымдықпен жеңсе, 1/8 финалда венесуэлалық Люис Игнасио Лиендоны 2:1 есебімен ұтқан еді.
1987 жылдың 12 желтоқсанында Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында дүниеге келген бұл балуанымыз қазіргі уақытта елорда атынан өнер көрсетеді. Ол Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, жеңімпазы, Иван Поддубный атындағы Гран-придің иегері, Мәскеуде өткен әлем чемпионатының күміс, Ыстамбұлда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері.