Лондон олимпиадасына жеті спортшыны апаруды ойластырудамыз - М.Оңдағанов, БҚО

Осы жоспар жөнінде Батыс Қазақстан облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанов әңгімелеп берді.
Оның айтуынша, биылғы жылдың алғашқы айлары Батыс Қазақстан спорты үшін бірнеше байрақты бәсекелерді табысты өткізумен есте қалды. «Қай жарысты өткізсек те, ең әуелі Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арнаған тартуымыз ретінде ұсындық. Әрі Елбасы Жолдауындағы бұқаралық спортты дамыту тапсырмасын, облыс әкімінің Ақ Жайық спортын көтеру жөніндегі тікелей тапсырмасын басшылыққа алып отырмыз. Қаңтар айында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін самбодан әлем кубогының кезеңін ойдағыдай ұйымдастырдық. Бокстан ірі халықаралық турнирдің тұсауын кестік. Таяуда ғана Оралда спорттың еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо күресі түрлерінен Қазақстан Спартакиадасы сайыстары аяқталып, біраз жерлестеріміз жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарына ілікті», дейді ол.
-Биылғы жыл - 2012 жылғы Лондон олимпиадасына лицензия берілетін жыл. Лицензияны тек жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар ғана олжаламақ. Сондықтан, қазір облыстың маңдайалды спортшылары дүниежүзінде қандай ірі жарыс болса, солардың бәріне қатысып, ұпай алу үшін тер төгуге кірісті. Кезкелген істе жоспар, мақсат болуы керек. Біздің мақсатымыз - Лондон олимпиадасына Жайық жұртынан кем дегенде жеті спортшыны қатыстыру. Содан кейінгі арманым - бір алтын жүлдеге қол созу. Алтыннан басты үміткер, Бейжің ойындарының күміс жүлдегері Таймұраз Тигиев үлкен даярлық үстінде. Одан бөлек олимпиадаға лицензия ұтады-ау деген спортшыларға тоқталсам, дзюдода Азамат Мұқанов, Саят Шәмшиев және Ерболат Байбатыровтарға, байдарка есуде Азия чемпионы Алексей Дергуновқа, садақ атуда Анастасия Банноваға, еркін күресте Қанат Бердиев пен Екатерина Ларионоваға үлкен үміт артылып отыр. Өзге де үміткерлер жоқ емес. Қалғанын бап пен бақ көрсетеді.
Күні бүгін дзюдошы жігіттер Азамат пен Саят Баку қаласында өтіп жатқан Гран При сайысында өнер көрсетуде. Әзірбайжан астанасында лицензия алу үшін ұпай жинауымыз керек. Дзюдо демекші, жерлесіміз, самбодан үш дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров қазір дзюдоға ауысты. Спартакиадада жақсы өнер көрсетті. Енді Ерболатты ұлттық құрама бапкері, Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері Асхат Житкеевпен бірге арнайы бағдарлама бойынша Керей Қойшыбек пен Қоныс Жетпісов жарыстарға әзірлеуде. Алда Франция мен Германияда өтетін әлем кубоктарына қатыстырып көреміз. Алғашқы нәтижелері жаман емес, Польшадағы лицензиялық турнирден 19 ұпай алып келді.
Тағы бір байрақты бәсеке - Ташкентте өтетін еркін күрестен Азия чемпионаты. Чемпионатқа Қанат Бердиев пен Екатерина Ларионова қатысады.
«Сөз орайы келгенде біздің спортшылардың еш алаңдамастан жаттығу жасауына, жарыстарға қатысуына жүз пайыз жағдай жасап отырған облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы бастаған басшыларға спортшылар атынан үлкен алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, жарыс өткізуге тұрақты демеушілік жасайтын «Приуралье» ЖШС директоры Хамзат Исаев, «Серік» кәсіпорнының басшысы Серік Мерғалиев, «Василец» кәсіпорнының басшысы Алексей Василец мырзаларға еңбектеріңіз жансын деймін. Спортқа айрықша қамқор Теректі, Ақжайық, Зеленов, Жаңақала, Тасқала, Бөрлі аудандарының әкімдеріне, спортшылары мен жаттықтырушыларына үлкен рахмет. Үлкен жеңістерге жалғыз жету мүмкін емес. Сондықтан Ақ Жайық спортшыларының табыстары мол болуы үшін көп еңбек етуіміз керек», деді М.Оңдағанов.