Лондонда дзюдо бойынша олимпиадалық турнирдің жеребесі өтті

Турнирде алғашқы болып Еркебұлан Қосаев (60 келіге дейін) өнер көрсетеді. Ол іріктеу кезеңінің екінші айналымынан бастау алып, 28 шілде күні канадалық Серхио Пессоамен кездесетін болады.
29 шілде күні қазақстандық Сергей Лим (66 келіге дейін) болгарлық Мартин Ивановпен кездеседі. 73 келіге дейінгі салмақтық дәрежеде өнер көрсететін отандық дзюдошы Ринат Ибрагимовтың 30 шілде күнгі алғашқы жекпе-жегі бос қалуда. Ол рейтинг көшбасшысы Ванг Ки-Чун (Оңтүстік Корея) мен Нугзар Таталашвили (Грузия) арасындағы жұптың жеңімпазын күтетін болады. 81 келіге дейінгі салмақтық дәрежеде Ислам Бозбаев алғашқы белдесуін 31 шілде күні украиналық Артем Василенкомен өткізеді.
1 тамызда елордалық дзюдошы Тимур Болат, олимпиадалық рейтингте өзінен 7 позицияға жоғары орналасқан - мысырлық Месбах Хешаммен күш сынасады. Айта кетейік, Тимур жеңіске жеткен жағдайда, келесі айналымда-ақ жапондық Масаши Нишиямамен кездесуі мүмкін (әрине егер ол қырғыздық Шыңғыс Мәмедовты жеңген жағдайда).
Қазақстан құрамасының көшбасшысы Максим Раков (100 келіге дейін) 2 тамыз күнгі алғашқы тартысын әзербайжандық Эльмар Гасымовпен өткізеді. Ал 3 тамыз күні тағы бір қазақстандық Ержан Шынкеев (+100 келі) Тунис тумасы Файселл Жабаллахпен айқасады.
Әйелдер арасындағы дзюдода Қазақстан ойындарға жеңіл және ауыр салмақтық дәрежелер бойынша қатысады. Ертең, 48 келіге дейінгі салмақта Александра Подрядова Олимпиаданы екінші айналымнан Моңғолия спортшысы Урантсетсег Мунхбатқа (рейтингте 6 нөмірлі) қарсы бастайды. Ал Гүлжан Исанова (+78 келі) 3 тамыз күні корея спортшысы Ким На-Йонгпен (рейтингте 8 нөмірлі) күш сынасатын болады. Ол сондай-ақ күресті екінші айналымнан бастайтын болады.