Лондонда қазақстандық боксшылардың алғашқы қарсыластары белгілі болды

Бұл туралы Астана қалалық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасынан мәлім етті.
27 шілде күні таңертең былғары қолғап шеберлері медициналық тексеруден және салмақ тарту процедурасынан өтті. Процедуралар қазақстандық спортшылар олимпиадалық ойындар алдында жақсы дайындық жағдайында екендігін көрсетті.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Олимпиада ойындарына 286 боксшы қатысады, олардың 250 - ерлер, 36 - әйелдер. Олимпиадаға өз боксшыларын 79 ел қатыстырып отыр. Бокс бойынша олимпиадалық турнирге 35 рефери мен төреші қызмет ететін болады. Олардың арасында отандасымыз Рахымжан Рыспаев та бар.
Жеребені спортшылар өз қолдарымен тартып алғандықтан, іс-шара екі сағаттан астам уақытқа созылды.
Алғашқы болып рингке 28 шілде күні 56 және 75 келі салмақтық дәрежедегі спортшылар шығатын болды. Қазақстан үшін Олимпиадаға алғашқы жолдаманы ұтып алған Қанат Әбутәліпов спортшыларымыздың арасында Олимпиада -2012-ні бірінші болып бастайтын болды. Оның қарсыласы - сириялық Виссам Саламана.
75 келі салмақтық дәреже бойынша өнер көрсететін Данабек Сужанов өзінің кездесуін, сондай-ақ 28 шілде күні бастайды. Оның 1/32 финалындағы қарсыласы - үндістандық Вижендер Сингх.
29 шілде күні 60 және 69 келі салмақтағы боксшылар жұдырықтасады. Ғани Жайлауов алғашқы айқасын тай боксшысы Сайл Ардимен өткізеді. Құрамамыздың капитаны Серік Сәпиев алғашқы айқасын өткізіп, Ясухиро Сузуки мен африкалық квалификациялық турнирдің жеңімпазы - Марокко спортшысы Мехди Халси арасындағы жұптың жеңімпазын күтетін болады. Сәпиев рингке 1/16 финалға 3 тамыз күні шығады.
52 және 81 келілік былғары қолғап шеберлері арасындағы 1/32 финалы 30 шілде күні өтеді. Ілияс Сүлейменов рингте шведтік Саломо Нтувемен күш сынасады. Өткен жылғы әлем чемпионатының финалисті Әділбек Ниязымбетов ойынға сондай-ақ 1/16 финалда қосылады. Ол 4 тамыз күні эквадорлық Карлос Гонгора мен әзербайжандық Ватан Хусейнли арасындағы жұптың жеңімпазымен бокстасатын болады.
31 шілде күні алаңға қазақстандық Біржан Жақыпов (49 келі) пен Данияр Елеусінов (64 келі) шығады. Біржан Франция спортшысы Джереми Беккумен, ал Данияр Елеусінов АҚШ боксшысы Джамель Херрингпен кездеседі.
Қазақстан құрамасының аса ауыр салмақтағы боксшысы Иван Дычко ойынын 1 тамыз күні өтетін 1/16 финалдан бастайды. Бұл қарсыластарының аса көп болмауымен байланысты. Олимпиада жүлделері үшін аса ауыр салмақта небәрі 16 спортшы бақ таластыратын болады. Иван Олимпиаданы Германия шебері Эрик Пфайфермен бастайды.
Ал қыздар алаңға 5 тамыз күні шығады. Саида Хасенованың (60 келі) алғашқы қарсыласы бразилиялық Адриана Араухо, ал Марина Вольнованың (75 келі) қарсыласы тунистік Элизабет Андиего болады.
28 ШІЛДЕ КҮНІ: Қанат Әбутәліпов (56 келі) астана уақыты бойынша 19.30-да бокстасады. Кездесудің жазбасы «Хабар» телеарнасында 22.00-де көрсетіледі. Сондай-ақ осы күні Данабек Сужанов (75 келі) тоғызыншы жұпта жұдырықтасады - шамамен таңертеңгі сағат 3.30-да. Оның айқасы осы телеарнада тікелей эфирден көрсетілуі тиіс.