М.Бисенғалиев Минскіде «Онжылдықтың музыкалық символы» концертін ұсынды

Концертті ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту аясында Беларусь Республикасындағы Қазақстан Республикасының елшілігі ұйымдастырып, Минск көрермендерін орындаушының шеберлігі мен энергетикасымен сусындатып, келушілерге өмірлік азық бергендей болды.
БР еңбегі сіңген өнер қайраткері Александр Анисимовтың басқаруындағы БР мемлекеттік академиялық симфония оркестрі де бей-жай қалдырмады.
Қазақстандық скрипкашы Марат Бисенғалиевтің шығармашылық өмірі кең музыкалық қауымдастықтың назарын өзіне әркез аударып отыр. Оның шетелдік гастрольдерінің жағрапиясының ауқымы кең. Ол Батыс және Шығыс Еуропаның, Азия, Австралия, Жаңа Зеландия мен АҚШ-тың отыз бестен астам елдерінде болған.
2010 жылы М.Бисенғалиев тәуелсіз сауалнама бойынша Қазақстанның «Онжылдықтың музыкалық символы» болып таңдалды. Оның ойынын бір рет тыңдаған адам, оны көпке дейін ұмыта алмайды. Ол музыканттың шеберлігінің айғағы іспеттес.