М. Мәметова атындағы колледжде «Біз - болашақ жүрегіміз, Мәңгілік елдің тірегіміз!» атты кеш өтті (ФОТО)
Алғашқы құттықтау сөз алған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, колледж директоры Әлима Әбдіхалықова Елбасының бүгінгі Жолдауындағы негізгі мәселелерге тоқталып, онда айтылған негізгі идеялары Мәңгілік Ел мұратына деген ел сенімін нығайта түскеніне баса назар аударды.
Сондай-ақ шара барысында өрендер орындаған күйлер, түрлі ұлт өкілдерінің «Достық» билері мен әндерінен ұсынылған топтама жұртшылықты тәнті етті.
Біз «Мәңгілік ел» жастары - деп жырлайтын, кеуделерінде патриоттық сезімі бар, жалындаған жастар Елбасы сөзіне жазылған әндерден шашу шашты.
Арнайы дайындалған мерекенің басты бір ерекшелігі - ұрпақтар сабақтастығын көрсетуі. Салтанатты кеште балабақша тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары мен колледж студенттері, қыз-келіншектер мен ер мұғалімдер хор ұжымдары өз өнерлерін Елбасы мерекесіне тарту етті.
«Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Елбасының Жолдауын тыңдап бола салысымен басталған салтанатты мерекеде балабақша бүлдіршіндерінен бастап әрбір қатысушы өз елін сүюдің үлгісін, кез келген ортада, ұжымда бірлесе жұмыс жасау,өзара тіл табыса алатындығын, өздерінің шынайы отаншылдық, патриоттық сезімдерін білдірді. Осындай бірлікті сақтау еліміздегі әр азаматтың парызы екенін сезінді.