М. Өтемісұлының есімін иеленген батысқазақстандық ЖОО батыр рухына тағзым етті

ОРАЛ. 10 шілде. ҚазАқпарат - Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры мен облыстық мәслихат депутаты Асхат Иманғалиев бастаған бір топ оқытушы ғалымдар мен осы оқу орнының озат студенттері Атырау облысы, Индер ауданы Қарой жеріндегі ұлы ақын әрі батыр Махамбеттің бейіт басына барып, тағзым етті.
None
None

Махамбет Өтемісұлының 210 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған шара барысында М.Өтемісов атындағы БҚМУ мен Индер ауданы әкімдігі арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Университет ректоры Асхат Сәлімұлының айтуынша, күні бүгін БҚМУ-да 110 дендерлік студент білім алуда екен. Аудандағы білім саласы мекемелеріне барынша қолдау-көмек көрсетуді өз міндетіне алған ЖОО өзі есімін иеленіп отырған Махамбет Өтемісұлының биылғы мерейтойын аудан басшылығымен бірлесіп өткізуге уағдаласты.

Индер ауданының әкімі Серік Арыстановтың атап өткеніндей, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті - тек батыс өңірге ғана емес, бүкіл Қазақстанға белгілі іргелі оқу орны. Бұл университеттен түрлі мамандық алған түлектер Индер ауданының да әр саласында табысты еңбек етіп жүр.

Осы жиында БҚМУ студенттері Махамбет рухына арнаған өз өлеңдерін оқып, күйден тарту етті.

Оралдан келген экспедицияның ішіндегі жасы ең үлкен ақсақал Амангелді Құрақов мінбеге көтерілгенде, жиналғандар сілтідей тынды. Амангелді аға Махамбеттің қабірі жайында ең алғаш 1951 жылы 11 жасында атасы Дінмұхамедтен естігенін, келер жылы қазіргі Сайқұдық ауылынан Қаройға дейін ат арбамен бірнеше күн жол жүріп барғанын, бірнеше жүз жылдан бері атадан балаға құпия сыр болып сақталған ақпарат 1966 жылы ғана жалпақ жұртқа жария болғанын айтып берді. Индер ауданының әкімі Серік Бисешұлы ақсақалға аудан жұртшылығы атынан алғыс айтып, иығына шапан жапты.

Бұдан кейін оралдықтар Дендер кентінен 45 шақырым қашықта жатқан Махамбет кесенесіне жол тартты. Дауылпаз жырау, дара батыр Махамбеттің рухына құран бағышталып, зияратшылар Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің өкілі Бақтыбек Амандықұлының, БҚМУ-дың профессоры Серікқали Шарабасовтың әңгімесін тыңдады.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті басшыларының айтуынша, мұндай шара болашақта жүйелі өтіп тұратын болады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум