М.Шолохов пен Л.Толстойдың ұрпақтары Батыс Қазақстанда болды

ОРАЛ. 22 қыркүйек. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Әлемге әйгілі жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты Михаил Шолоховтың ұлы Михаил мен немересі Александр, сондай-ақ тағы бір ұлы қаламгер Лев Толстойдың ұрпағы Владимир, Л.Толстойдың «Ясная Поляна» мемориалдық мұражай-қорығының директоры Виктор Суковатов Батыс Қазақстан облысында болды.
None
None

Мәртебелі меймандарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев қабылдап, қос жазушының орны батысқазақстандықтар үшін ерекше екендігін атап айтты.

Шынында да «Донда - казакпын, Жайықта - қазақпын» деуден танбаған Михаил Шолохов көзі тірісінде Ақ Жайық өңіріне жиі ат ізін салып тұрды. Тіпті Ұлы Отан соғысы жылдары отбасымен Дариян ауылында тұрды. Ұлы жазушы қазақ ауылдарын да жатсынған жоқ, батысқазақстандықтармен етене араласты. Өзінің Нобель сыйлығының лауреаты атанғанын Жайық өңірінде жүргенде естіді. Осы байланысты бүгінде оның ұрпақтары жалғастырып келеді. Оралда жазушының мүсіні жарқырап тұрса, Дариянда мұражай-үйі мәңгілік мекенге айналған.

Ал Лев Толстойдың Оралға келгеніне биыл 160 жыл толып отыр. Сондай-ақ оның он сегіз жасар Софья Андреевнамен бас қосқанына алдағы жылы 150 жыл толмақ. Толстой әулеті содан бастау алғаны белгілі. В.Толстойдың айтуынша, осындай айтулы мерекені Ресей мен Қазақстан бірлесіп атап өтпекші.

Ресейлік меймандар Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенттерімен жүздесіп, Дарияндағы М.Шолоховтың мұражай-үйіндегі жәдігерлерді тамашалады.

Соңғы жаңалықтар