16:53, 25 Мамыр 2009 | GMT +5
М. Тәжин Душанбеде өтетін «Еуроодақ үштігі-Орталық Азия елдері» форматындағы Сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысады
АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Мамырдың 29-30-ы күндері Душанбеде «Еуроодақ үштігі - Орталық Азия елдері» форматындағы Сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтеді.
Оған ҚР Сыртқы істер министрі Марат Тәжин қатысады. Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте аталмыш министрліктің ресми өкілі Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, кездесуде Еуропалық Одақ - Орталық Азия форматындағы өзара іс-қимыл; экономикалық дағдарыстың экономикаға, сауда-саттыққа, инвестицияларға және көші-қонға әсерін қосқандағы Еуропалық Одақтың Орталық Азия жөніндегі өңірлік стратегиясын бірлесіп жүзеге асыру; су ресурстарын басқаруды қоса алғанда энергетика, көлік және қоршаған ортаны қорғау; шекаралық бақылау және есірткі тасымалдауға қарсы күрес; сондай-ақ аймақтық қауіпсіздікті нығайту мәселелері талқыланады деп жоспарланып отыр. Форум аясында М. Тәжиннің екі жақты кездесулер өткізуі көзделуде.