«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан кітаптарды интернет арқылы насихаттауды күшейту қажет - М. Әшімбаев

АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шығып жатқан кітаптарды интернет арқылы насихаттау жұмысын күшейту қажет.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада өткен 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» Ұлттық стратегиялық жобасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның пікірінше, бағдарлама аясында шыққан кітаптардың таралым мәселесін шешудің бірден бір жолы - кітаптарды интернет арқылы таратып, насихатау. «Осыдан бір-екі жыл бұрын Қоғамдық кеңестің тапсырмасымен «Мәдени мұра» атты интернет-портал жасалды. Портал жақсы жұмыс істеп жатыр. Онда біршама кітаптар, аудио және видео жазбалар орналастырылды. Біз қазіргі заманнның үрдістеріне бейімделіп, жұмыс істеуіміз керек. Ғылыми институттар, қоғамдық кеңестің мүшелері бірігіп осы порталдың ішіне ақпаратты көбірек кіргізуге жұмыс істеуі қажет», деді М. Әшімбаев.

Елбасының тапсырмасымен Үкімет интернетті әрбір ауылға жеткізу үшін жұмыс істеп жатқанын айтқан ол, интернет арқылы жер-жердегі оқырмандар бағдарлама аясында шығып жатқан кітаптармен танысып жатса, бұл кітаптардың насихатталуына жол ашатын болады. Осы орайда М. Әшімбаев бағдарлама аясында дайындалып жатқан кітаптардың сапасына да мұқият назар аудару қажеттігін атап көрсетті.

М. Әшімбаевтың сөзіне қарағанда, мәдени туризмді дамыту мәселесі көңіл көншітпейді. Бұл бағытта кейбір дүниелер әлі де боса ілгері жылжымай жатыр. Сондықтан да мәдени туризмнің жағдайын дұрыстау үшін Туризм және спорт министрлігі жүйелі жұмыс істеуі тиіс.

М. Әшімбаев «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына тамаша тарту жасау қажеттігін атап өтті. «Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы келе жатыр. Сондықтан осы айтулы мерекеге дейін «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шешілмеген дүниелерді тиянақтап, дұрыстап, қорытындылар жасап, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына үлкен сый жасау қажет. Көрмелер ұйымдастыру, кітаптар шығару мәселесін ойластыру керек. Бұл үлкен әңгіменің тақырыбы. Оған байланысты жиындар өткізетін боламыз», деді ол.

Соңғы жаңалықтар