Мәдениет министрлігі Кенесары ханның басы орналасқан жер туралы пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM — Сенаттың кулуарында журналистер мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықовтан Кенесары ханның басы қайда болуы мүмкін және оның Қазақстанға қайтарылу ықтималдығы бар ма деп сұрады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Памятник Кенесары хану Кенесары хан ескерткіші
Фото: Адлет Беремкулов/ Kazinform

— Бұл сұраққа дәл қазір нақты жауап беру қиын. Өйткені Кенесары ханның басы нақты қай жерде екенін айта алмаймыз. Бізде ондай нақты, дәлелді ақпарат жоқ, — деді ол.

БАҚ өкілдері артефактінің мәдени маңыздылығын ескере отырып, оны іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр ма деп сұрады. Вице-министр зерттеулердің әлі жалғасып жатқанын хабарлады.

— Бұл тек Кенесары ханның басына қатысты емес. 2004–2006 жылдары және кейінгі кезеңдерде мәдени мұраны іздестіруге арналған арнайы мемлекеттік бағдарламалар болды. Біздің ғалымдар шетелге шығып, музейлерде, архивтерде, кітапханаларда жұмыс істеді. Көптеген архивтік құжаттардың көшірмесі Қазақстанға жеткізілді, — деді ол.

Айбек Сыдықовтың айтуынша, тек «Архив–2025» бағдарламасы аясында соңғы жылдары шетелде 14 мыңнан астам архив бірлігі цифрландырылып, Қазақстанға әкелінген.

Бұған дейін Астанада Кенесары хан ескерткішін қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаны хабарланған.

 

Соңғы жаңалықтар