Макрон парламент палаталарының төрағаларын қабылдады
АСТАНА.KAZINFORM — Сейсенбі күні түстен кейін Франция президенті Эммануэль Макрон Сенат пен Ұлттық Ассамблеяның төрағалары — Яэль Браун-Пиве мен Жерар Ларшемен кездесті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Le Figaro газетінің жазуынша, Конституцияның 12-бабына сәйкес, егер мемлекет басшысы Ұлттық Ассамблеяны тарату туралы шешім қабылдағысы келсе, ол міндетті түрде Сенат пен Ассамблея төрағаларымен кеңесуі тиіс.
Елисей сарайындағы дереккөздің мәліметінше, бұл екі кездесудің әрқайсысы бөлек өткізілген, алайда кездесудің нақты мақсаты жария етілмеген.
Сол күні Францияның Социалистік партиясының көшбасшысы Оливье Форе өзінің партиясы сәрсенбі күні сағат 10:00-де Себастьян Лекорнюдің шақыруымен Матиньон сарайына баратынын мәлімдеді. Бұл – президент Макрон отставкаға кеткелі отырған премьер-министрге тапсырған соңғы келіссөздердің бір бөлігі.
Оливье Форенің айтуынша, барлық солшыл партиялар, "Бағынбайтын Франциядан" (LFI) басқасы, бұл кездесуге оң көзқарас білдірген. Ол сондай-ақ солшылдарды Матиньон сарайына кіргізуді қайта талап ететінін айтып, «Франция халқының таңдауына құрмет білдіретін уақыт келді» деп мәлімдеді.
Ал француздың оңшыл оппозициясының көшбасшылары — Марин Ле Пен мен Жордан Барделла — Себастьян Лекорнюмен келіссөздерге қатысудан бас тартты. Олардың айтуынша, саяси дағдарыстан шығудың жалғыз жолы – мерзімінен бұрын сайлау өткізу.
Еске салсақ, Франция президенті Эммануэль Макрон дүйсенбі күні премьер-министр отставкаға кеткеннен кейін, өз әкімшілігін сақтап қалу үшін Себастьян Лекорнюге екі күн уақыт берген еді.