Мақтаарал ауданы мақтадан мол өнім алып, марқайып отыр
Бүгінгі таңда мақташылардың қажырлы еңбегінің арқасында 241,8 мың тонна мақта шикізаты теріліп, биылғы жылы ауданға жүктелген мақта шикізатын дайындау тапсырмасы артығымен орындалды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
«Ауданның экономикалық және әлеуметтік жағдайы негізінен ауыл шаруашылық саласына, оның ішінде мақта дақылын өсіруге тікелей байланысты. 2011 жылы 102,0 мың гектар алқапқа мақта дақылы егіліп, 217,2 мың тонна мақта шикізаты өндіріліп, орташа өнімділік гектарына 21,4 центнерді құраған болатын. 2012 жылы барлығы 95,8 мың гектар жерге егілген мақта дақылынан орташа өнімділік гектарына 27-28 центнерді құрап, жалпы 260-270 мың тонна мақта шикізатын өндіру жоспарланып отыр», - делінген баспасөз хабарламасында.
Өнімнің артуына агротехникалық шаралардың уақытылы және сапалы орындалуы, инновациялық технологияларды енгізумен қатар, мемлекет тарапынан беріліп отырған түрлі субсидиялар көп серпін берген. Бұған қоса егістік жерлерін үздіксіз ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында, Елбасының тікелей тапсырмасымен салынған «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атты су арнасының орны да ерекше.
«Мол өнім алуға болатындығына көздері жеткен шаруалар келер жылдың өнімділігіне бағытталған агротехникалық шараларды (жерді терең қопсыту, айдау, т.б.) бастап, мақта өнімділігін аудан бойынша гектарына 30 центнерден асыруға күш салуда. Қол жеткен көрсеткіштер Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдық мерейтойына Мақтарал ауданы дихандарының тартуы саналады», - делінген баспасөз хабарламасында.