Мамырдың 9-ында Семейде «Еске алу балауызы» жағылады
Өлкетанушылардың қалалық бірлестігі ұйытқы болып отырған және көлік колледжінің студенттері өткізетін бұл шараға кез-келген адам атсалыса алады. Семейліктер Ұлы Отан соғысынан оралмай қалған туыстары мен жақындарын еске алу құрметіне балауыз жағып, оларды Жеңіс мемориалының жанындағы «Көз жасы ыдысына» ағыза алады.
Осынау акцияға әзірлену барысында колледж студенттері осыдан 3 ай бұрын «Еске алудың 100 күні» вахтасына тұрған болатын. Айтулы мейрам - Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында олар 30 іс-шара өткізді. Атап айтқанда, бес ұрпақ өкілдерінің кездесулерін ұйымдастырды, Семейде жасақталған 30-шы Гвардиялық атқыштар дивизиясының тарихымен таныстырды, оқытушылар мен студенттердің авторлығымен жазылған «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы менің туған-туыстарым» очерктер кітабын басып шығарды. Олар сондай-ақ «Мен, соғыс және отбасым...» деген тақырыпта шығармалар конкурсын ұйымдастырды. «Фотообъективте - соғыс» атты фотокөрмені ұйымдастыруға атсалысты.
Көлік колледжі студенттері бүгін өткізетін «Еске алу балауыз» акциясы осынау вахтаны қорытындыламақ.