Мәңгілік Ел: терең тамырлар тәлімі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бақсақ, Ресей империясының тарихында бірде-бір елмен арадағы аймақаралық қатынастардағы ынтымақтастық қай дәуірде де дәл тұтастай ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі кең-байтақ Қазақ даласындағы қызу бір тіршіліктердің отын қыздырған аймақаралық экономикалық, сауда-саттық қатынастарындай болып көрмепті ғой. Қазақ даласындағы Жәңгір хан ашқан Хан жәрмеңкесінен кейінгі небір атышулы жәрмеңкелер де ең алғаш рет осындай таным-түсінік, терең сұраныс, қазақ-орыс қатынастарындағы ең бір ынтымақты шақтарда бастау алған десек, еш қателеспеген болар едік.
None
None

Олай болса, біздің іргеміздегі Ресей елімен арадағы ынтымақты өңіраралық экономикалық қатынастарымыздың тамыры тым тереңде жатыр емес пе?! Оның жаңа дәуір, жаңа кезеңдегі тың бастаулары біздің тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында-ақ бастау алғандығы елге мәлім. Содан бергі екі ел арасындағы достық, ынтымақты және аймақаралық, тіпті, Еуразия құрылығы тұрғысында алып қарағанда да, бұл тың бастаулардың сауырына қамшы салдырмас сәйгүліктерге айналып шыға келгендігі ешкімге құпия сыр емес қой. Кім білген, бәлкім, бұл өңіраралық экономикалық ынтымақтастық форумдары да әу бастағы Қазақстан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарапынан көтерілген Еуразиялық идея тұрғысында өмірге келген алғашқы экономикалық үрдіс ауқымының бір түрі шығар?! Еуразиялық идеяның өміршеңдігі, кейін Кедендік Одаққа жалғасып, Еуразиялық Экономикалық Одаққа негіз қалаған алғашқы сынақ, алғашқы сілкіністер осы емес деп кім айтар?! Біздіңше, екі елдің Елбасы мен үкімет басшылары үнемі қадағалап, өздері бас болып өткізіп жүрген бұл сынақ сәтті де өткен сынды. Осыдан он бір жыл бұрын басталған Қазақстан - Ресей өңіраралық экономикалық ынтымақтастық форумдары жыл сайын екі ел аймақтарындағы ілгелі қалаларда өте сәтті жалғасып, өте жақсы нәтижелерін көрсетіп келе жатыр. Осы тұста бір заңды сұрақ туындайды. Кезінде Еуразиялық ендікте Қазақстан, Беларуссия, Ресей елдерінің бастарын құраған Кедендік Одақ, одан Еуразиялық Экономикалық қауымдастық жұмыс істеп еді. Жуықта Минскіде Еуразиялық Экономикалық одаққа мүше елдердің басшылары бас қосқан алқалы жиында соның алдында ғана біздің Астанамызда тұсауы кесілген ЕЭО алдағы жаңа жылдың алғашқы күндерінен бастап, ресми түрде іске кіріспек болғандықтан, КО пен ЕЭҚ өздеріне жүктелген миссияларын толық аяқтап, жұмыстарын мүлдем тоқтатты. Олай болса, алдағы жаңа жылдың басында ЕЭО-тың ресми түрде іске кірісуіне санаулы ғана күндер қалды. Дәл сол кезде Қазақстан мен Ресей арасындағы кеше ғана Атырау қаласында ХІ-ші рет ресми түрде аталынып өтілген Өңіраралық Экономикалық ынтымақтастық форумы қайтпек? Олар да өзінің жұмысын тоқтатпақ па? Жоқ, әлде ол екі елдің арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың бір тегеуірінді генераторы ретінде өз жұмысын әрі қарай жаңа бір қарқынмен жалғастыра бермек пе?! Қайта еларалық, өңіраралық қатынастардың бұл түріндегі бай тәжірибелер Қазақстанның Шығыстағы Қытай және басқа елдермен, ал, Ресейдің өзінің алып аймағының өзге өңірлеріндегі елдермен арадағы ынтымақты экономикалық қатыныстарды дамытуына да дем бермей ме?! Бәлкім, бұл Қазақстан - Ресей өңіраралық экономикалық форумдары алда үлкен болашағы бар Еуразиялық Экономикалық одақтың бағыттаушы бастауларының бірі болып та өмір сүріп, қала беретін шығар?! Солай болғаны дұрыс-ақ.

Соңғы жаңалықтар